«Романың» бас бапкері Жозе Моуриньо «Севильямен» Еуропа лигасының финалында төрешілерге тіл тигізгені үшін жазаланды, деп хабарлайды Prosports.kz.

60 жастағы португалдық маман келесі маусымда еуропалық төрт матчқа шеттетілді. Осылайша, «Рома» Еуропа лигасындағы топтық кезең ойындарының жартысынан көбін (алты ойынның төртеуі) жаттықтырушысыз өткізеді.

Еске салайық, Еуропа лигасының 2022/2023 жылғы «Рома» мен «Севилья» арасындағы финалдық кездесуі 31 мамырда Будапештте (Венгрия) өтіп, пенальти сериясында испан командасының жеңісімен аяқталды (негізгі уақыт 1:1). Ойында Энтони Тейлор қазылық етті . Төреші Рома ойыншыларына жеті сары қағаз көрсетті.

Матчтан кейін Тейлордың жұмысына көңілі толмай қалған Моуриньо стадионның тұрағында төрешіні балағаттады.