Португалия құрамасының шабуылшысы әрі капитаны Криштиану Роналду 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Исландиямен сырт алаңдағы матчта өз командасын бастап шықты.

Бұл 38 жастағы К.Роналдудың ұлттық құрама сапындағы 200-інші ойыны. Сөйтіп португалиялық шабуылшы футбол тарихында осындай көрсеткішке қол жеткізген бірінші ойыншы атанды. Бұрын рекорд кувейттік Бадер аль-Мутаваға тиесілі еді. Ол өз құрамасының сапында 196 кездесу өткізді.

Айта кетейік, Португалия құрамасы J тобында 3 ойыннан кейін 9 ұпай жинап, жекедара көш бастап келеді. Қарсыластар қақпасына 13 доп соқса, өздеріне бірде-бір гол өткізген жоқ.