Сочиде парахоккейден IV құрлықтық кубок аяқталды. Турнирге Қазақстан, Армения, сондай-ақ Ресейдің екі құрамасы қатысты.

Топтық кезеңде қазақстандық пара хоккейшілер Ресей-1 (8:0) және Ресей-2 (9:1) командаларына есе жіберіп, Арменияны 13:0 есебімен жеңді. Үшінші орын үшін өткен матчта отандастарымыз Армениямен қайта кездесіп, 8-0 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті.

«Әрине, медаль жеңіп алған жақсы. Бұған екі жыл ішінде қол жеткіздік. Медаль алғанымызға әлі сене алмай тұрмыз. Бұған қажырлы еңбектің арқасында жеттік. Осындай турнир үшін командама, ұйымдастырушыларға рақмет айтамын. Биыл біз әлем чемпионатына қатысамыз. Онда да лайықты өнер көрсетіп, ел намысын халықаралық деңгейде сәтті қорғаймыз деп үміттенеміз. Жарыстардан жақсы тәжірибе жинадық, бұл бізді үлкен жетістіктерге жетелейді. Біз әлем чемпионатының жоғарғы тобына ілініп, Паралимпиадада ойнағымыз келеді. Бұл – біздің мақсатымыз. Осыны армандаймыз» – деді парахоккейден Қазақстан құрамасының шабуылшысы Қайрат Сабыров.