Қазақстандықтар Бейбіт Жұқаев пен Михаил Кукушкин АҚШ-тың Литтл-Рок қаласында өтіп жатқан челленджер турнирінің ширек финалында өзара кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 325-ракеткасы, 22 жастағы Б.Жұқаев жарысқа іріктеу сайысынан кейін қосылып, әуелі рейтингте 333-орында тұрған германиялық Петер Гоёвчикті 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Содан кейін екінші айналымда сенсация жасап, әлемнің 187-інші, осы доданың 2-ракеткасы, америкалық Николас Морено-Де-Альборанды жолдан тайдырды – 6:2, 6:7 (1:7), 7:6 (7:5).

Үш сағат 6 минутқа созылған бәсеке барысында Бейбіт 15 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Жеңіске деген жігері сондай, соңғы тай-брейкте 1:5 есебімен ұтылып жатып, қатарынан алты допты өз есебіне жазды.

Әлемнің 296-ракеткасы Михаил Кукушкин алдымен рейтингте 1379-сатыдағы америкалық Майкл Чженді сүріндірді – 7:6 (7:5), 6:3. Ал екінші айналымда әлемнің 246-ракеткасы, америкалық Теннис Сандгреннен айласын асырды – 6:2, 7:5.

Осылайша, Б.Жұқаев пен М.Кукушкин жартылай финал жолдамасы үшін кортқа шығады.