Алматы қаласында басталатын регби 15-тен әйелдер арасындағы XII Азия чемпионатында Қазақстан, Жапония және Гонконг құрамасы өзара кім мықтыны анықтайды. Жоғарғы дивизиондағы бәсекеге Қытай құрамасы соңғы сәтте қатыса алмайтынын хабарлады.

Алғашқы матчта жарыс қожайыны Қазақстан Гонконгпен күш сынасады. Анна Яковлева баптайтын Қазақстан қазір әлем рейтингінде 19-шы, ал қарсылас 15-орынға келе жатыр. Осы жұптың мықтысы 28 мамырдағы финалда Жапония регбишілеріне қарсы алаңға шығады.

Әйелдер арассындағы регбиден сары құрлық бәсекесі 2006 жылдан бері өтіп келеді. Алғашқы чемпионатты Қытайдың Куньмин қаласы қабылдап, алаң иелері бас жүлдеге ие болған. Содан бері Қазақстан 5 мәрте топ жарса, Жапония 4, Қытай мен Гонконг бір рет алтыннан алқа таққан.

Жылдың аяғында 1 дивизиондағы (жоғарғы дивизионнан кейінгі) Азия чемпионаты Үндістанда болады. Онда алаң қожайындары Филиппин және Сингапурдан келген құрбыларымен сынға түседі.