«Каспий» бас бапкері Игор Ангеловски Қазақстан чемпионатының оныншы туры аясында өткен «Ақтөбеге» (0:0) қарсы матч туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ақтөбелік клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

— Қызық матч болды. Алғашқы таймда «Ақтөбе» жақсырақ ойнады, бірақ екінші таймда біз өз деңгейімізді көрсеттік. Бұған дейінгі бес ойында да менің командам дәл біз қалағандай ойын көрсеткен еді. Сырт алаңдағы бүгінгі олжаланған бір ұпай біз үшін маңызды және сол үшін өз жігіттеріме алғыс айтамын. Бұл матчқа дейін «Ақтөбенің» айқын фаворит екенін білдік, алайда тең нәтиже заңды деп ойлаймын.

Ақтөбе қаласына қонақжайлығы мен осындай керемет футбол атмосферасы үшін рақмет айтқым келеді. Бірінші таймда не жетіспеді? Өз футболымызды ойнай алмадық, қарсылас қысым танытты. Бізге сәттілік жолдас болды дейсіз бе? Әрине, сәттілік ол — футболдың бір бөлшегі. Бірақ алаңда біздің де он бір футболшымыз болды, оның ішінде қақпашы Плотников та бар. Егер қақпашы ойынды құтқарған болса, ол да жұрт қатарлы жаттығып, командаға пайдасын тигізді деген сөз.