Қазақстандық Ілияс Маратұлы Әзербайжан астанасы Бакуде 18 жасқа дейінгілер арасында ITF Juniors турнирінің абсолютті чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші жекелей сында финалда жергілікті ойыншыны 6:3, 6:3 есебімен жеңді.

І.Маратұлы жұптық сында қарағандылық Виталий Зацепинмен бірге соңғы бәсекеде түркиялық ағайынды Тургуттарды 7:6, 6:1 есебімен ұтты.

Бакуде сондай-ақ қыздар арасында қазақстандық Ульяна Романова жұптық сында ресейлік Кира Батайкинамен бірге үздік шықты. Олар ресейліктерден 7:5, 6:2 есебімен басым түсті.

Алматыда ЦСКА корттарында 14 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe додасы мересіне жетті. Мұнда Еркежан Жаңатаева абсолютті жеңімпаз болды. Ол жекелей сында тартысты бәсекеде ресейлік Кристина Крученкодан жеңісті жұлып алды – 4:6, 6:3, 6:2. Ал жұптық сында Сәбина Шухратовамен бірге финалда Эвелина Балаганская мен Әлия Омарбекті қапы қалдырды.