Жеңіліп көрмеген қазақстандық файтер Азат Мақсұм (16-0) «Спорт Шредингера» арнасына берген сұхбатында UFC-мен келісімшарт жасасқаннан кейін Денвердегі (Колорадо, АҚШ) жаттығу жиыны туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

– Дайындық жақсы өтті. Барлығы жоспар бойынша, жарақатсыз өтті. Бір жағынан Америка ұнады, тез үйреніп кеттім. Бір айға жуық демалып, Денверге ораламын. Себебі ол таулы аймақ. Ауа райы мен басқа жақтарынан Алматыға ұқсайды.

– Сен жаттыққан залда жұлдыздардан Роуз Намаюнас, Джастин Гэтжи және бізге таныс Нил Мэгни жаттығады. Сен олардың бірімен жолықтың ба?

- Иә, Нил Мэгнимен жаттығатынбыз, Роуз Намаюнас анда-санда ғана келетін. Камару Усман да келген.

- Олармен сөйлеспедің бе?

– Жоқ, жақын араласпадым. Жай ғана амандасып жүретінмін. Мен соңғы жаттығуларымды өткізіп жүрген кезде, Гэтжи енді ғана келе бастады. Сэндхаген болды, менің салмағымдағы (аса жеңіл салмақта - еск.) UFC файтерлері де болды - Тацуро Тайра, жақсы жігіт. Онымен араласып, дос болдық.

– Жалғас Жұмағұлов АҚШ-тағы алғашқы жиынынан кейін жаттығу әдістері мүлдем басқаша екенін айтты. Айырмашылықты сезіндің бе?

– Иә, айырмашылық бар, бірақ көп емес. Негізінде сол жерде жаттығу арқылы өсуге болады.

– Денверде қай жерде тұрдың? Пәтер жалдадың ба?

– Таныстарымның үйінде тұрдым.

Еске салайық, Азат Мақсұм 15 шілдеде Лас-Вегаста UFC Fight Night сериясындағы турнир аясында әлемнің жетекші ММА лигасындағы дебютін өткізеді.

Фото instagram.com/aza.maksum