ҚР Қорғаныс министрлігінің алқа отырысында Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткен армиялық спортшыларды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орталық спорт клубының өкілдері Асланбек Шымбергенов пен Махмұд Сабырхан әлем чемпионы атанды. Асланбек – 71 келі, ал Махмұд – 54 келі салмақта шаршы алаңға шыққан болатын.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов ерекше көзге түскен спортшыларды құттықтады.

Қазақстан құрамасының капитаны Орталық спорт клубының аға маманы Асланбек Шымбергеновке «Ел қорғаны» медалін, аға маман Махмұд Сабырханға «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін тарту етті, сондай-ақ оларға естелік сыйлықтар да табысталды.

Одан бөлек, 2021 жылғы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Ташкентте өткен әлем чемпионатына қатысқан кіші сержант Сәкен Бибосынов та министрдің қолынан естелік сыйлық алды. Бокстан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов және бокстан әлем чемпионы, ҚР ҚМ Спорт комитеті – Орталық спорт клубы штаттық командаларын даярлау орталығының бас жаттықтырушысы капитан Біржан Жақыпов бағалы сыйлықтармен марапатталды.