«Оқжетпес» командасының жартылай қорғаушысы Максим Драченко Prosports.kz тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында «Астанаға» қарсы ойын туралы пікір білдірді.

– Максим, сәлем. Осындай қиын ойыннан кейінгі әсеріңізді бөліссеңіз.

– Жалпы, көңіліміз толады. Жыл сайын чемпиондық үшін таласатын командаға қарсы ойнағанымызды түсіндік. Сондықтан жақсы ойын көрсеткіміз келді. Біз лайық түрде бір ұпай алдық деп ойлаймын. Бұған дейін екі ойында ұпай жоғалтқан едік.

– «Оқжетпес» ойынды қорғаныста өткізді. Оған не себеп болды?

– «Астана» жақсы команда, олар бізді көбірек қорғануға мәжбүр етті. Әрине, біз де шабуылдағымыз келді, бірақ қорғаныста ойнауға тура келді.

– Төрешілерге шағымыңыз бар ма?

– Жоқ, төрелік айту біздің шаруамыз емес. Ең бастысы, біз төрешіге матчтың нәтижесіне әсер етуге негіз бермедік. Шағымым жоқ.

– Сіздердің тең түскендеріңіздің арқасында «Қызыл-Жар» Қазақстан чемпионатында көшбасшылығын сақтап қалды. Біздің футболда клубтар кейде жүлделі орынға бәсекелестермен матчтарда қарсыластарын ақшалай ынталандырады. «Қызыл-Жар» тарапынан осындай жағдай болды ма?

– «Қызыл-Жардан» мұндай болған жоқ. Ел чемпионына қарсы алаңға шығып, лайық ойын көрсеткіміз келді. Сондықтан, ұпай алып, қолдаған жанкүйерлерімізді қуанту үшін бар күшімізді салдық.

– Жаңалықтарда «Оқжетпестің» ойыншыларға қарызы бар деп жазады. Бұл рас па?

– Бұл біздің нюанстарымыз. Осындай мәселе клуб ішінде қалуы керек деп ойлаймын. Қиындықтар бар, бірақ бәрін шешуге болады.

Фото: «Оқжетпес» ФК