«Астананың» жартылай қорғаушысы Эльхан Астанов Шымкентте өткен ойынды қорытындылады.– Эльхан, Шымкентке қайта оралуыңмен! «Мақтааралды» жеңген ойында ассист бердіңіз, матч ұнады ма?– Рақмет! Біріншіден, жанкүйерлерімізді жеңіспен құттықтағым келеді, ойын қиын болды, екі ойыншы алаңнан қуылғанына қарамастан, есеп ашуға мүмкіндік болғанымен, іске асыра алмаған сәттер болды, бәрін ескере отырып жұмыс жасап, реттеуге тырысамыз. Ең бастысы, 3 ұпай еншіледік, енді келесі кездесуге дайындаламыз.– Сіз «Астана» сапында 3 гол соғып және 1 нәтижелі пас бердіңіз: ойын процесіне және командаға толықтай үйренді деп айта аламыз ба?– Иә, мен командаға толық бейімделіп үлгердім. Сенім білдірген жаттықтырушылар штабына, қолдау көрсеткен ұжым мен командаластарға, жанкүйерлерге алғысым шексіз. Өзім болсам командаға көмектесіп, жанкүйерлерімізді қуантуға бар күшімді саламын.