7 мамыр күні Ташкенттегі бокстан әлем чемпионатында 51, 57, 75 және 92 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жекпе-жектер өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Астана уақытымен сағат 15:00-де басталатын күндізгі сессияда қазақстандық үш боксшы рингке шығады. А рингіндегі алғашқы жекпе-жекте Сәкен Бибосынов (51 келіге дейін) үндістандық Дипак Кумармен, бесінші жұпта сол рингте Серік Теміржанов (57 келіге дейін) венгриялық Роланд Верешпен өткізеді. В рингіндегі он екінші жұпта Нұрқанат Райыс (75 келіге дейін) Доминикан Республикасының өкілі Дельгадо де лос Сантоспен жұдырықтасады.

Астана уақытымен 19:00-де басталатын кешкі сессияда аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев В рингіндегі оныншы жұпта сириялық Мохаммад Млайеспен ширек финал жолдамасына таласады.

Әлем чемпионаты аясындағы жекпе-жектерді Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.