Италиялық маман Лучано Спалетти Италия чемпионатын ұтқан ең жасы үлкен бапкер атанды.

Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Л. Спалетти баптайтын «Наполи» клубы сырт алаңда «Удинеземен» 1:1 есебімен тең түсіп, Италия біріншілігінің аяқталуына бес тур қалғанына қарамастан, чемпион атанды.

Италиялық маман бұл атаққа 64 жас және 58 күнге толған шағында қол жеткізді.

Осыған дейін Л. Спалетти «Зенит» клубымен бірге 2010 және 2011-2012 жылғы маусымдарда Ресей біріншілігінде жеңімпаз атанған еді.

Кезінде атақты аргентиналық Диего Марадона құрамында болған «Наполи» кейінгі 33 жылда алғаш рет Италия чемпионы атанып отыр.

«Наполи» клубы соңғы бес турда «Фиорентина», «Монц», «Интер», «Болонья» және «Сампдория» командаларымен шеберлік байқасады. Қазіргі кезде неопалитандық ұжымның 80 ұпайы бар. Екінші орындағы «Лацио» клубы (64) одан 16 ұпайға кейін қалды.