2020 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) бокстан Ташкенттегі әлем чемпионатын жеңіспен бастады, деп хабарлайды Prosports.kz.

Суперауыр салмақтың 1/16 финалында Қамшыбек жастар арасында әлем чемпионы ресейлік Алексей Дроновпен кездесті. Қазақстандық боксшы қарсыласын төрешілер шешімімен (4:1) жеңді. Үшінші раундта Қоңқабаев ресейлікті нокдаунға түсірді.

Енді 31 жастағы боксшы әлем чемпионатының ширек финалына берілер жолдаманы сириялық Мохаммад Млайеспен сарапқа салады.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық Санатәлі Төлтаев (63,3 кг дейін) турнирмен қоштасқан болатын. Ол екінші айналымда маврикалық Ришарно Луи Коленнен жеңіліп қалған.