1-13 мамыр аралығында Шымкент қаласында алғаш рет Asia/Oceania Final Qualifying Juniors Davis Cup және Juniors Billie Jean King Cup іріктеу сайыстары өтеді. Оған 16 жасқа дейінгілер арасында Азия – Тынық мұхит аймағының үздік теннисшілері қатысады. Қазақстан жасөспірімдер құрамасының капитаны Сергей Квак ҚазАқпарат тілшісіне алдағы жарысқа дайындық жөнінде айтып берді.

- Сергей, Juniors Davis Cup іріктеу сайысының басталуына бір аптадан астам уақыт қалды. Команданың әзірлік деңгейі қалай?

- Қазақстандық жасөспірімдер осы аптаның аяғында Шымкентте бас қосады. Бәрінің де көңіл-күйі жақсы. Өзім және Team Kazakhstan академиясының директоры Тимур Аққазиев олармен үнемі байланыстамыз.

- Біздің құрама алдындағы мақсат-міндет қандай?

- Басты міндет – әлем чемпионатына жолдама алу. Өз жерімізде жақсы ойын өрнегін көрсетіп, жеңіс үшін бар күш-жігерімізді салатынымыз анық.

- Өткен жылы 14 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатында құрама капитаны болдыңыз. Дүниежүзілік додада Қазақстан тұңғыш рет төртінші орынға табан тіреді. 16 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы осы жетістікті қайталай немесе одан асып түсе ала ма?

- Бәрін де жарыс көрсетеді. Өткен жылы қазақстандық жасөспірімдер үздік нәтижеге қол жеткізді. Бұл – бәріміз үшін басты меже. Біздің команда мықты, нәтижені жақсарту үшін барлық мүмкіндік бар.

- Иә, биыл құрам мықты. Заңғар Нұрланұлы мен Әмір Омархановтан үлкен үміт күтеміз. Құраманың үшінші ойыншысы қашан анықталады?

- Бұйырса, 2 мамыр күні белгілі болады. Үшінші ойыншы ретінде Дамир Жалғасбай, Артем Сидоров, Ерасыл Бақтиярдың ішінен біреуі таңдалып алынады.

- Әмір мен Заңғардың бабы қандай?

- Әмір Омарханов ақпанда Қарағандыда ITF J60 додасының жеңімпазы атанды. Наурызда Германияда J100 турнирінде ширек финалға дейін жетті. Ол жеке бапкері Петр Владимирович Нестеровтің үнемі бақылауында. Әмірдің беталысы жақсы, қазіргі таңда өз шеберлігін арттыра түсетіндей мүмкіндіктері бар.

Заңғар Нұрланұлы да биыл ITF жарысында жеңіске жетті. Словакияда қаңтарда J60 турнирінде үздік шықты. Ол Аустрия, Мажарстан және Словакия елдеріндегі беделді додаларда рейтингілік ұпайларға ие болып келеді.

- Шымкентте алғаш болып біздің қыздар Juniors Billie Jean King іріктеу сайысында бақ сынайды. Ярослава Шведованың шәкірттеріне не тілер едіңіз?

- Ең бастысы, әрине, табыс тілеймін. Олар өздерінің үздік өнерін көрсетеді деп сенемін. Біз өз тарапымыздан қолдауға дайынбыз. Алға, Қазақстан!