Бокс аңызы Майк Тайсон қазіргі уақытта бокста бір ғана жұлдыз барын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

Оның сөзінше, қазір жалғыз жұлдыз - мексикалық Сауль Альварес. Канело карьерасын аяқтаған Флойд Мейвезердің орнын басқанын айтады.

«Флойд Мейвезер зейнетке шыққаннан кейін, Канело бокстағы жалғыз супержұлдыз шығар. Канелоның келесі жекпе-жегі туралы әлемнің кез келген жерінде сұраңыз. Сұраңыз, сонда сізге бәрі жауап береді», - деп келтіреді Тайсонның сөзін vRinge.

Бірақ Тайсонның сөзінше, Альварестің орны жақын арада босайды, себебі ол боксқа тойып, карьерасын аяқтайды.

Еске салайық, Канело келесі жекпе-жегін 6 мамырда Гвадалахарада (Халиско штаты, Мексика) өткізеді. Оның қарсыласы ұлыбританиялық Джон Райдер болады.