«Қайраттың» қорғаушысы клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында Қазақстан OLIMPBET-Чемпионатының 7-туры аясындағы «Ордабасыға» (2:2) қарсы ойынға қатысты пікір білдірді:

– Егор, кешегі матч туралы айтып кетсең. Бұл ойынға қандай нұсқаумен шықтыңдар?– Біз қарсыластың мәртебесіне қарамастан, әрқашан жеңіске жету үшін ойнаймыз. Нұсқауымыз – жинақы ойнап, қарсыласқа қысым жасап, шапшаң шабуылдар жасау болды. Өкінішке қарай, кездесу тең аяқталды. Нәтижеге көңіліміз толмайды.

– Маусым басында қосалқы құрамда қалдың, енді үш матч қатарынан негізгі құрамда шықтың. Не өзгерді?– Алғашқы ойындар әрқашан тұрақсыз болады, ойынның кейбір тұстарында бапкердің айтқанын орындамадым. Жеке мен үшін ештеңе өзгерген жоқ, мен де аянбай еңбек етіп, бапкерлік штабтың маған сене алатынын дәлелдедім. Әр ойын сайын дамып, сенімді болып келе жатырмын. Бапкерлер штабына сенім артқаны үшін алғыс айтамын.

– Жеңіске жету үшін командаға не жетіспеді деп ойлайсың?– Менің ойымша, біз өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық, сонымен қатар гол жіберіп алған кезде қажетсіз қате жібердік. Біз өз тәрбиеленушілерімізбен кез келген командаға қарсы ойнай алатынымызды көрсетеміз.

– Ойынның қарсаңында сендер жанкүйерлерден стадионды толтыруды сұрадыңдар. Нәтижесінде матчқа 15 000-ға жуық адам келді. Бұл жайлы не айта аласың?– Бала кезімізде өзіміздің Орталық стадионымызда осындай атмосферада ойнау – әрқайсымыздың арманымыз еді. Мен жанкүйерлерге осындай тамаша атмосфера жасап, матч бойы қолдау көрсеткені үшін рақмет айтқым келеді. Өкініштісі, үш ұпай жинап, сіздерді қуанта алмадық. Келесі матчтарда оң нәтижеге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін. Барша жанкүйерлерді 14 мамырда өз алаңымыздағы «Ақтөбемен» болатын келесі ойынға шақырамын. Біз сіздерді күтеміз!