Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Азия чемпионатында жүлде алған қазақстандық спортшыларға құттықтау хатын жолдады.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Мемлекет басшысының ресми құттықтауын оқып, палуандар мен олардың жаттықтырушыларына алғыс хат табыс етті.

Естеріңізге сала кетейік, турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы алғаш рет 7 алтын, 4 күміс және 9 қола жүлдеге ие болды. Грек-рим стилінің палуаны Ибрагим Магомадов, еркін күрес палуандары Болат Сақаев, Санжар Досжанов, Дархан Есенғали және Азамат Дәулетбеков Азия чемпионы атанды. Әйелдер арасында Жәмила Бақбергенова мен Эльмира Сыздықова алтын медаль алып, жеңіс тұғырына көтерілді. Ал еркін күрестен Қазақстан құрамасы 4 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды.

Министр палуандарға Париж Олимпиадасында табыс тілеп, жаттықтырушылар мен федерация президентінің еңбегін атап өтті.

«Қазір біздің басты мақсатымыз – олимпиадалық лицензияларды жеңіп алу және қазақстандық спортшыларға барынша жағдай жасау. Мысалы, біз француз әріптестерімізбен бірге қазақстандық олимпиадашыларға жарыс уақытында тиісті жағдай мен қажетті спорт нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ спорт саласындағы еңбекақы мәселесі пысықталып жатыр. Сонымен қатар спорт саласының мамандарын дайындауға және чемпиондарымызға спорттық мансабын аяқтағаннан кейін де қызмет етуге мүмкіндік беретін дайындық орталықтары мен спорттық оқу орындары сынды инфрақұрылымдардың құрылысы жүріп жатыр»,- деді Асхат Оралов.