Қайраттың» қорғаушысы Лев Кургин клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында Қазақстан чемпионатының 6-туры аясындағы «Астанаға» (3:0) қарсы ойынға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі клуб баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Лев, жеңіс құтты болсын! «Астанамен» ойын туралы пікіріңді айтып кетсең.

– Рақмет! Ойын тартысты өтті. Ойын қарқындылығы жоғары болды, команда жеңіске жеткісі келді. Біз бұл жеңіске лайық болдық деп ойлаймын.

– Жеңіске жетулеріңнің сыры неде? Өздерің мұны күттіңдер ме?

– Қажырлы дайындық және команданың жігері. Қонақта «Астанаға» қарсы ойында мұндай есеп болады деп ойлау, әрине, шындыққа жанаспайтын нәрсе сияқты. Бірақ алаңға шыққанда, «Астана» не басқа клуб деген жоқ. Сен барынша тырысып ойнап, мүмкіндігінше командаға көмектесуге талпынасың.

– Бізде негізгі құрамда «Қайрат» Академиясының 7 тәрбиеленушісі, ал «Астанада» 7 шетелдік шықты. Бұл туралы не айта аласың?

– Мақтан тұтамын, біз «Қайрат» футбол клубының Академиясында футболшы, спортшы ретінде өстік. Біздің қанымызға командамыз сіңіп кеткен. Кез келген матчта, кез келген команданы жеңу – алаңда не істеп жүргеніміздің көрсеткіші. Ал фавориттерді жеңу – тек қағаз күйінде жеңу ғана емес, сонымен қатар клубтың ішкі де жеңісі! Айтайын дегенім, бізге сеніңдер, командамызды жерге қаратпаймыз!

– Бұл жеңісті кімге арнайсың?

– Әрине, ең алдымен командамызға, бапкерлер штабына және жанкүйерлерімізге алғыс айтқым келеді.

– Одан кейін өз алаңдарыңда екі рет – «Ақжайықпен» кубокта және «Ордабасымен» чемпионатта ойнайсыңдар. Бұл ойындардан не күтесің?

– Ойындар қызықты, жеңіске деген құмарлық сезімі бар. Керемет матчтар мен оң нәтиже болады деп күтеміз!