Қазақстандық боксшылар Әбілхан Аманқұл (3-0, 3 КО) мен Бек Нұрмағанбет (9-0, 7 КО) екінші орта салмақтағы абсолютты әлем чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен бір кеште өнер көрсетеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Айта кетейік, 16 сәуірде екі қазақстандық Помонада (Калифорния, АҚШ) өткен бокс кешінде жекпе-жек өткізді. Әбілхан Аманқұл екінші раундта мексикалық Даниэль Эчеверрияны (21-11, 18 КО) техникалық нокаутпен жеңді. Бек Нұрмағанбет бірінші раундта венесуэлалық Эберт Рондонды (20-3, 13 КО) нокаутқа түсірді.

BoxRec мәліметінше, 6 мамырда Гвадалахарада (Халиско, Мексика) Аманқұл Хесус Моройоки Паломареспен (7-2-1, 4 КО), ал Нұрмағанбет венесуэлалық Аргенис Эспанмен (15-1, 14 КО) кездеседі. Екі жекпе-жек те 8 раундқа есептелген.

Кештің басты жекпе-жегінде «Канело» WBO тұжырымы бойынша уақытша чемпион Джон Райдермен (32-5, 18 КО) кездеседі.