Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина елордада Польшамен өткен матчтағы жеңісінен кейін ҚазАқпарат тілшісімен пікір бөлісті.

- Польшамен матч қиын болды. Шаршағаным сондай, шынымды айтсам, бәсекеден кейін сұхбат бергенде, сұрақты түсінбей қалдым. Кешедегідей емес, бүгін өзімді ширағырақ сезіндім. Дегенмен Америкадан Еуропаға, одан Астанаға ұшып келудің әсері сезілді. Келесі жарыстарда қалпыма келемін деп үміттенемін, - деді Елена Рыбакина.

- Енді Штутгарт, Рим мен Мадридте өнер көрсетесің, топырақ төсенішіндегі кортқа бейімделіп үлгердің бе?

- Бейімделетіндей көп уақыт болған жоқ. Астанадағы екі ойын, әрине, менің пайдама шықты. Күн сайын, әр жаттығу сайын топырақ төсенішіне ыңғайлана түсудемін. Ең бастысы, денім сау болып, алдағы турнирлерге бабымда барсам деймін.

- Қазақстанда соңғы кезде теннис кеңінен таралуда. Еліміздің барлық қалаларында болып, балалармен кездесу жоспарыңда бар ма?

- Әрине, барлық қалада болғым келеді. Алайда мұндай тығыз кестемен мүмкін емес. Дегенмен болашақта сәті түсер. Маған Алматы өте ұнайды, онда да жиі бола алмай жүрмін.