Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында Давид Моррельге қарсы жекпе-жек, қазіргі жағдайы және алдағы жоспары туралы айтты.

Айта кетейік, Ербосынұлы былтыр 6 қарашада екінші орта салмақтағы WBA Regular титулы үшін өткен жекпе-жекте Давид Моррельден жеңіліп қалды, кездесуден кейін Айдостың комаға түскені белгілі болды.

– Айдос, денсаулығыңыз қалай? Жалпы қазіргі таңда немен айналасып жүрсіз?

– Аллаға шүкір жақсы болып келемін. Қазір қасиетті рамазан айы. Көбірек құлышылыққа мән беріп жүрмін.

– Кейінгі жекпе-жегіңіз біраз жұртты алаңдатты. Қазақ елі сізге амандық тіледі. Бұл кездесу есіңізде ме? Қандай қателіктер кетті деп ойлайсыз?

– Иә, әрине, мен халқымды қалай жақсы көрсем, халқым да мені солай жақсы көретінін түсіндім. Көптің тілеуі көл демекші, тез сауығып келе жатқанымда көпшіліктің дұғасы себептесті деп ойлаймын. Әрине жеңіліс болғасын қателіктердің болғаны рас. Оларды өзім білемін.

– Жаттығу жұмыстарына оралдыңыз ба? Кәсіпқой бокстағы мансабыңызды жалғастырасыз ба?

– Қазір көбірек емдік шараларға мән беріп жатырмын. Әрине бар арманым қайта мықты болып оралу. Соған әрекет етіп жатырмын.

– Дэвид Моррельге қарсы кездесуден кейін бапкерлік штабыңызды көбі сынға алды. Жекпе-жекті ерте тоқтату керек еді деп. Өзіңіз бұл туралы не ойлайсыз?

– Біріншіден, бапкерлердің кінасы деп ойламаймын. Екіншіден, ол жерде анықтап қарасаңыздар тоқтататындай жағдай болған жоқ. Иә, қарсылас менен басым болды. Менің нашар формада болуымның өзіндік себебі бар. Егер толықтай бәрі өз уақытында болғанда басқа Айдосты көруге болар еді. Десек те тағдырыма осылай жазылған екен, ер азамат болғаннан кейін оны дәл солай қабылдау менің борышым.

– Екінші орта салмақта көш бастап тұрған «Канелоны» кім тоқтата алады деп ойлайсыз? Көбі мысал ретінде Давид Бенавидесті айтып жүр.

– Бұл бокс деген спорт. Ешкім нақты айта алмайды.

– Қазір сіздің жолыңызды Бек Нұрмағанбет пен Әбілхан Аманқұл қуып жүр. Олардың перспективасына қандай баға берер едіңіз?

– Иә, артымнан ерген інілерімнің болашағына кәміл сенемін. Екеуі де перспективалары өте жоғары боксшылар. Осындай інілерім барын мақтан тұтамын.

– Сіздің тәжірибесіңіз мол. Кәсіпқой бокста жүрген қазақ боксшыларына қандай кеңес берер едіңіз? «Бокс Меккесі - АҚШ» деген қаншалықты рас?

– Кеңес беретіндей дәрежедемін деп ойламаймын. Дегенмен кейбір боксшыларға үлкен жекпе-жектерге шығудан қорықпай, мықты қарсыластармен кездесіп, қазақ деген мықты жауынгер батырлардың ұрпағы екенін дәлелдеу керек деп ойлаймын. Расында солай, біз кешегі әлемді дүр сілкіндірген батыр бабалардың ұрпағымыз. Бір Алладан басқа ешкімнен қорықпауымыз керек деп ойлаймын.