Маңғыстаулық спортшы Бауыржан Исамедин Австрияның Инсбрук қаласында таеквондодан(WT) өткен халықаралық «Austrian Open G-1» рейтингтік турнирінде жеңімпаз атанды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық спорт басқамасынына мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байрақты додада әлемнің 60 елінен 1000-нан астам спортшы бақ сынады. Қазақстан құрамасы жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында жалпы есепте 42 медаль жеңіп алды.

«Қазақстан Республикасының ересектер құрама командасы сапында өнер көрсеткен маңғыстаулық спортшы Эльдар Бірімбай 68 келі салмақ дәрежесінде 2-орын жеңіп алса, жасөспірімдер арасында 45 келіде Исамедин Бауыржан жарыс жеңімпазы атанды. Айта кетейік, Эльдар Бірімбай мамыр айында Әзірбайжан мемлекетінің Баку қаласында өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды» делінген мәліметте.

Аталған жарыс 1-2 сәуір аралығында өтті. Осыған дейін, Эльдар ақпан айында Любляна қаласында (Словения) өткен халықаралық «Slovenia Open» рейтингтік турнирдің жеңімпазы атанған болатын.