УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші електік кезеңінде ел чемпионы «Астана» Хельсинки төрінде жергілікті «ХИК-пен» күш сынасып, қолайлы нәтижеге қол жеткізіп қайтты, деп хабарлайды «PROСПОРТ».

«Астана» сапында негізгі құрамда жарақатынан айыққан голкипер Ненад Эрич шықты, есесіне Станимир Стойлов алаң ортасында Рохер Каньясқа сенім арта алмады.

Алғашқы минуттарда «Астана» алаң иелерінің қарқынына төтеп беріп, сәті келсе, Даниэль Эрлунд иелігінен саңлау табуға тырысты. Әйтсе де, Эрич те, Эрлунд та ойынға бірден араласып кете қойған жоқ. Алғашқы тайм бойы жанкүйерлер анау айтарлықтай қауіпті шабуыл көре алмады. 37-минутта Бауыржан Жолшиев айып алаңына ене беріп, қақпаның алыс бұрышын нысанаға алған – сәл ғана қиыс кетті. Командалар үзіліске кетерде «ХИК» ойыншылары алға ұмтылып, есеп ашуға тырысты. Бірақ «Астана» қорғаушылары алаң иелерінің бұл ұмтылыстарына тоқтау қоя алды.

Үзілістен кейін финляндиялықтар шабуылда жылдам ойнай түсіп, допқа иелік етті. Астаналықтар да қос қанат арқылы «ХИК-тің» қорғанысын бұзып өтуге ұмтылды. 59-минутта қонақтар тамаша комбинация ұйымдастыра алды. Хельсинкиліктердің айып алаңында қарбалас болып, нәтижесінде Жолшиев ұрымтал тұстан өте баяу соққы жасады. Расы керек, оның алдында астаналықтар ойын тәртібін бұзған екен. Артынша, Фокси Кетевоама басымен әуедегі допты Патрик Твумасиге қалдырды, қорғаушылар ганалықтың аяғынан допты тартып алды.

69-минутта «ХИК» шабуылшысы Демба Севидж есеп ашатын тамаша мүмкіндікке ие болды. Айып алаңына енер тұста әдемі пас алып, Аничичтің кедергі келтіруіне қарамастан, алыс бұрышты дәл көздеп үлгерген. Абырой болғанда, Эрич орнынан табылды. Бірнеше минуттан соң жапониялық Атому Танака сол қанат арқылы, айып алаңына еніп, жақын бұрышты көздеді. Эрич тағы да өз командасын құтқарып қалды.

Қос команда да есеп ашатын мүмкіндік болғанымен жанкүйерлер бұл матчта гол көре алмады. Қонақта тең түсу – келесі кезеңге өту үшін тамаша нәтиже.

«ХИК» - «Астана» 0:0 (0:0)

 «ХИК»: Эрлунд, Баа, Хейккинен, Морен, Сорса, Шуллер, Мусси, Зенели, Танака, Сэвидж, Хавенаар.

«Астана»: Эрич, Илич, Аничич, Постников, Шомко, Жолшиев, Жуков, Максимович, Твумаси (Бейсебеков 90), Нөсербаев (Щеткин 87), Кетевоама (Мұжықов 80)

Ескертулер: Зенели 33 – Жолшиев 35, Постников 79