Қазақстандық футбол агенті Алым Жәлелов Prosports.kz тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында Микаэль Асқаровтың «Қайратқа» ауысуы туралы пікір білдірді.

– Алым, клиентіңіздің «Қайратқа» ауысуымен құттықтаймын. Бұл трансфер туралы толығырақ айтып беріңізші.

- Көп рақмет! Иә, шынында да, құттықтайтын нәрсе бар, өйткені «Қайратпен» келісімшарт – көптеген қазақстандық футболшының арманы. Трансфер кезеңінде футболшылар алматылық клубқа ұсыныс жасауды жиі сұрайды. «Қайратта» барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын бәрі біледі. Тактикалық өсу, денсаулық пен эмоционалды жайлылық үшін мұнда ең жақсы жағдай жасалған және тамаша мамандар жұмыс істейді.

Сондай-ақ «Қайраттан» шетел чемпионатына кету кез келген қазақстандық клубқа қарағанда оңай. Микаэль «Қайратта» жаттығып, маған осында қалғысы келетінін айтты. Оның тілегі орындалу үшін барымды салдым.