Жақында ғана футболдан Қазақстан құрамасы Ресей жерінде өтетін 2018 жылғы әлем біріншілігінің жолдамасына таласатын қарсыластарын білді. Қарсыластарымыз «ортаңқол» болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, әрқайсысы да максималды ұпай жинауға тырысатыны анық. «PROСПОРТ»  тілшісі Қазақстан құрамасының Ресейге болашақ сапарын болжап көрді.

Отандық аяқдопшылар Армения, Черногория, Польша, Дания және Румыния құрамаларымен бірге Е тобына түсті. Юрий Красножан мырза айтқандай, біздің топ деңгейі жағынан бір-бірінен қалыспайды, айқын фаворит жоқ. Дегенмен де...

«Карпаттық жігіттердің» жетістігі

Румыния құрамасы соңғы жылдары айды аспаннан бір-ақ шығарды.  ФИФА рейтингісінде бірер жыл бұрын ғана 44-ші орында болған олар қазір әлемнің үздік 10 құрамасы қатарында. Халық саны біздікімен шамалас, 19 миллионнан әрең асып жығылады. Бірақ біз қайда, олар қайда. Кезінде аутсайдер саналып жүрген румындар, қазір «мен мұндалап» тұр. Ангел Йордэнеску баптайын «үш түстілер» 20 жылғы үзілістен кейін қайта Әлем чемпионатына баруға ниетті.

 

 

«Ольсеннің бұзықтары» немесе «Ольсен бастаған 11 жігіт»

Е тобында айқын болмаса да, фаворит саналатын команданың бірі – Дания. Иә,олардың жарқын кезеңі тарих қойнауына кеткен. Микаэль Лаудруп, Пребен Элькьер, Сёрен Лербю, Йеспер мен Мортен Ольсендердің қазіргі ізбасарлары 70-80 жылдардағыдай дүркіреп тұрмаса да, айтар сөзі, істер ісі бар. Еш оңайлықпен берілмейтін бұл командамен ойнау кімге болса да ауыр тиетіні белгілі. Нағыз жігерлік танытып, ойынның соңына дейін күресуді осы ұжымнан үйренуге болады. Португалия құрамасына қарсы сырт аладағы матчта 2:0 есебімен жеңіліп жатып, соңғы он минутта үш гол соққаны бар емес пе. 2010 жылғы Әлем біріншілігінде Камерун құрамасынан бір доп айырмасымен ұтылып жатып, 2:1 есебімен жеңіске жеткен. Алайда 2014 жылғы мундиальға жолдама ала алмады. Ендігі үміт - 2018 жылғы Ресей жеріндегі дүбірлі дода. Ольсен бастаған «бұзықтар» оңай шағылар жаңғақ емес. Қазақстан құрамасымен 2005 жылы екі мәрте кездесіп, екеуінде де жеңіске жеткен екен (3:0, 1:2).

 

 

Поляктардың мысы басым

Левандовски бастаған Польша құрамасы соңғы мәрте 2006 жылғы неміс жерінде төрт құрлықтың басын қосқан додаға қатысқан болатын. Ал ОАР мен Бразилия жерінде өткен дүбірлі жарыстың іріктеу кезеңінен өте алмады. Ендігі мақсат - 2018 жылғы Ресейдегі Әлем біріншілігі. Қазір Адам Навалканың шәкірттері нағыз шыңында тұр. 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Германия, Ирландия, Шотландия, Грузия мен Гибралтар құрамаларымен D тобына түсті. Қазір 5 ойынан кейін 3 рет жеңіске жетіп, 2 мәрте тең түсіп, бірде-бір кездесуде жеңілмей өз тобында Әлем чемпионын артта қалдырып, көш бастап келеді.

 

Жас құрама – Черногория

Е тобындағы ең жас команда – Черногория құрамасы. Бар болғаны 8 жылдық тарихы бар бұл ұжым ең алғашқы кездесуін Венгрия құрамасына қарсы 2007 жылы өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Біздің құрамамен 2008 жылы кездесіп, 3:0 есебімен жеңген болатын. Сол себепті Черногория құрамасы таңсық емес қазақ жанкүйеріне. Жас ұжым болса да, мықты ойын өрнегін көрсетеді. Англиялық «Манчестер Ситидің» ойыншысы Стеван Йоветич бастаған черногориялықтар Ресей жеріне баруға ниетті екені анық.

 

 

Армения жаңа белестерді бағындырмақ

Соңғы қарсыласымыз – Армения құрамасы. Ең прогресивті ұжым. «Тобылдың» бұрынғы бапкері Вардан Минасянмен бірге Армения құрамасы ФИФА рейтингісінде 30 орынға тұрақтаған болатын (Біздің түсімізге де кірмеген мұндай рейтинг). Қазақстан мен Армения құрамалары өзара 5 мәрте кездесіп, армениялықтар 3 рет жеңсе, біздің футболшылар 1 мәрте рет қана ұтқан екен. Ал бір ойын тең нәтижемен аяқталды. Кезінде Армения құрамасының белді ойыншысы болған Саркис Овсепян қазір Ұлттық құрамаға қайта оралды бапкер ретінде.