Жеңіліп көрмеген мексикалық боксшы Хайме Мунгияның (41-0, 33КО) промоутері Фернандо Белтран қазақстандық Геннадий Головкиннің (42-2-1, 37КО) командасымен келіссөздер жүргізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Мексикалық промоутер қазір Головкин-Мунгия жекпе-жегі үшін жұмыс істеп жатқандарын айтты.

«Біз Головкинмен 10 маусымда жекпе-жек өткізуге тырысамыз. Процесс жүріп жатыр. Біз мұны промоутер Том Лоффлермен талқыладық. Менің ойымша, жақын арада келісімді аяқтай аламыз.

Хайме мансабының басынан бері Головкинмен кездесу мүмкіндігін іздеп жүр. Біз бәрін ұйымдастыра аламыз деп үміттенемін», - деді Белтран.

Еске салайық, жақында Геннадий Головкин чемпиондық титулдарынан айырылған болатын.