«Ақтөбе» футбол клубына үлкен міндеттер жүктелді, деп жазады Prosports.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін клубтың Директорлар кеңесінің төрағасы Болат Мажағұлов "ақ-қызылдардың" жаттығуына арнайы келіп, командамен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Болат Бауыржанұлы бапкерлік штаб пен ойыншылардың ұсыныстарын тыңдап, пікір алмасты. Өз кезегінде Кеңес төрағасы биыл да "Ақтөбенің" мақсаты — ел чемпионы атану екенін баса айтты.

Сондай-ақ ол бас бапкер Андрей Карповичтің алдына УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңіне шығу міндеті артылып отырғанын атап өтті.

"Міндеттерді шешу жолында облыс басшылығы барлық жағдайды жасайды", - деді Мажағұлов.

Алдағы жексенбі күні, 2 сәуірде, ақтөбеліктер петропавлдық "Қызылжармен" чемпионат матчын өткізбек. Кездесу жергілікті уақытпен сағ. 16:00-де басталады.