Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өтіп жатқан бокстан әйелдер арасында әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған қазақстандық Карина Ибрагимова финалдағы жекпе-жегі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық боксшы 57 келіде финалда италиялық Ирма Тестаға есе жіберді.

«Жекпе-жекке дайындық пен тактика барлығы өз деңгейінде болатын. Қолдан келгенше әрекет етуге тырыстым. Әрбір жекпе-жекке байланысты нақты қорытынды жасауға болады. Жеңіліс немесе жеңіс екені сарапқа салынады. Бастысы, бапкерлер үйреткен әдіс-тәсілдерді жүзеге асыра алдым. Әлем чемпионатында барлығы жеңіс тұғырынан көрінгісі келеді. Финалда бар күшін салады. Финалдағы жекпе-жекте жеңіс қарсыласыма бұйырды. Бұл біздің соңғы кездесуіміз емес деп санаймын. Олимпиада ойындары жақындап келеді. Алда үлкен мақсат бар. Сол бағытта жұмыс жасаймыз», - деді Карина Ибрагимова.