Үндістан астанасы Нью-Делиде 26 наурызға дейін жалғасатын бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Бүгін Қазақстан атынан бір ғана спортшы – Жазира Орақбаева (52 келі) өнер көрсетеді. Жазира Тайвань өкілі Чиа-Хсунь Чанмен жұдырықтасады.

Жерлесіміздің жекпе-жегі Астана уақытымен 14:30-да басталатын күндізгі сессияда өтеді. Кездесуді тікелей эфирде Qazsport телеарнасынан көреуге болады.

Айта кетейік, Қазақстан спортшылары барлық 12 салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді: Алуа Балқыбекова (48 келі), Назым Қызайбай (50 келі), Жазира Орақбаева (52 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Римма Волосенко (60 келі) , Аида Әбікеева (63 келі), Надежда Рябец (66 келі), Мадина Нұршаева (70 келі), Валентина Хальзова (75 келі), Фариза Шолтай (81 келі), Ләззат Күнгейбаева (+81 келі).