Mergen FC 4 ивенті аясында қазақстандық атақты файтер Нұрберген Шәріпов (10-3) сегізбұрышқа оралады.

Аралас жекпе-жекте 2021 жылдың соңынан бері кездесу өткізбеген файтер Атыраудағы турнирде тәжірибелі қырғызстандық 31 жастағы Қанат Келдібековпен (21-8) күш сынасады.

Сегізбұрышқа оралар алдында Шәріпов Prosports.kz тілшісіне сұхбат беріп, онда алдағы текетірес, жекпе-жексіз уақыттары және UFC мен Bellator жоспарлары туралы айтты.

– Нұрберген, әлеуметтік желіге қарағанда, сегізбұрышқа оралуға Таиландта дайындалып жатыр екенсіз. Жекпе-жек алдында өз бабыңызға орала алдыңыз ба?

– Таиландта бір айдай болдым, кейін Қазақстанға қайттым. Он күн демалып, қайта жаттығуға кірістім. Жалпы алғанда, өзімді жақсы сезінемін және бабымдамын.

– Бір жарым жылдан бері төбелескен жоқсыз. Бұл әсер етпей ме?

– Иә, бір жарым жыл бойы төбелескен жоқпын. Әрине, бұл жерде қарсыластың да мықты екенін ескерсек, қиындықтар бар.