Барселонаның №1 тергеу сотына прокуратурадан Испания корольдік футбол федерациясының төрешілер техникалық комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Хосе Мария Энрикес Негрейраға «Барселона» футбол клубынан төленген төлемдер туралы шағым түсті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Прокуратура берген шағымда клубтың сыбайлас жемқорлық, спорттық алаяқтық және нашар менеджмент үшін айыпталғаны көрсетілген. Шағымда Барселонаның экс-президенті Хосеп Мария Бартомеу, сонымен қатар директорлар Оскар Грау мен Альберт Солердің есімдері бар.

Бұған дейін испандық БАҚ 2001-2018 жылдар аралығында Энрикес Негрейра Барселонаға төрешілерге қатысты кеңес бергені үшін 6,6 миллион еуродан астам ақша алғанын хабарлаған болатын. Төрешілердің техникалық комитеті төрағасының бұрынғы орынбасарының компаниясы клуб лига немесе Испания кубогы матчын ойнаған сайын Барселона кеңселеріне конверттерді тапсырып отырды. Хабарламада жазбаша есеп пен келесі матчты басқаратын төрешінің профиліне талдау жасалған бейнеролик бар.