Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) барлық дивизиондағы үздіктер рейтингін жаңартты, деп хабарлайды Prosports.kz.

Жақында қолындағы жарақатына байланысты Олимпиада чемпионы өзбекстандық Баходир Жалоловпен жұдырықтасудан бас тартқан Қамшыбек Қоңқабаев бірінші ауыр салмақта рейтингтегі орнын жоғалтты.

Ал Серік Мұсаділов 15-орында қалды. Бұл дивизиондағы WBA титулы франциялық Арсен Гуламирянға тиесілі.

Суперауыр салмақта өнер көрсететін Иван Дычко 15-орнын сақтап қалды. Суперауыр салмақ дивизионының чемпионы - украиналық Александр Усик.

Суперорта салмақтағылар тізімінде Бек Нұрмағанбет (8-орын) бір сатыға көтерілді. Бұл салмақ дәрежесінде абсолют әлем чемпионы - Сауль Альварес.

Орта салмақта WBA Super чемпиондық белбеуі әзірге қазақстандық Геннадий Головкиннің еншісінде. Оның белбеуіне міндетті үміткер - кубалық Эрисланди Лара.

Екінші жартылай жеңіл салмақта Сұлтан Зәуірбек (12) пен Бекман Сойлыбаев (13) рейтингтегі орындарын сақтап қалды. Осы дивизиондағы WBA титулы доминиканалық Гектор Луис Гарсияға тиесілі.

Евгений Павлов болса, бір сатыға төмендеді. Қазір ол аса жеңіл салмақ дәрежесінде 6-орында. Ал бұл салмақта өзбекстандық Муроджон Ахмадалиев WBA чемпионы.