Елордалық «Астана» футболдан Қазақстан Суперкубогының иегері атанды, деп хабарлайды Prosports.kz.

2023 жылғы маусымның алғашқы титулын ел чемпионы «Астана» мен былтырғы Қазақстан кубогының иегері шымкенттік «Ордабасы» сарапқа салды.

Матч тағдыры бірінші таймда шешілді. 8-минутта Алекса Аманович елордалықтарды алға шығарды. Бірақ бір минуттан соң Еркебұлан Тұңғышбаев таразы басын теңестіріп тастады.

38-минутта Дембо Дарбо пенальтиден гол соғып, «Астана» 2:1 есебімен жеңді.

Осылайша, елордалық команда тарихында алтыншы рет Қазақстан Суперкубогын иеленді.

«Астана» - «Ордабасы» - 2:1 (2:1)

Голы: Аманович Алекса 8 (1:0) , Тунгышбаев Еркебулан 9 (1:1) , Дарбо Дембо 38 (2:1)