Қазақстан футбол федерациясының атқарушы комитеті Азамат Айтхожинді ҚФФ-ның бас хатшысы қызметіне тағайындады, деп хабарлайды «PROСПОРТ».
 
Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты мәлімдейді. Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитеті бас хатшы қызметіне Айтқожин Азамат Серікұлын тағайындады. Ол осы уақытқа дейін Қазақстан футбол федерациясының атқарушы директоры қызметін атқарып келді.
 
Азамат Серікұлы 1975 жылы 15 мамырда Целиноградта  дүниеге келді. Ол спорттық қызметін 2003 жылы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стдаионның директоры болып бастады. Кейін «Жеңіс» футбол клубына жетекшілік етіп, командамен бірге ҚР чемпионатының қола жүлдесі және Қазақстан Кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар, Астана қаласының туризм және спорт департаментінің басшысы болды.
 
2007-2009 жылдар аралығында «Астана Арена» спорт кешенінің директоры болды. Сондай-ақ, «Жастар» спорт сарайын басқарды. Кейін «Астана» футбол клубының президенті болып, командамен бірге Қазақстан Кубогын жеңіп алды.