Елордалық «Астана» футбол клубының қақпашысы Михаил Голубничий «PROСПОРТ» тілшісімен сұхбаты барысында командасының келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі жайлы және ойын алдындағы әсерімен бөлісті.
 
- Футболға қалай келдіңіз? Туған жеріңіз, жалпы жеке өміріңіз жайлы айта кетсеңіз... 
 
- Кереку қаласында дүниеге келдім, 11 жасымда футбол үйірмесіне қатыса бастадым. Алғашқы жаттықтырушыларым Вячеслав Казаков пен Виталий Чурсин болатын. 15 жасқа келгенде жергілікті «Ертістің» қосалқы құрамына алды. Бір жыл өткеннен кейін дубль сапында алғашқы ойынымды өткіздім. 18-ге келгенде Бірінші лигада өнер көрсетуге ұсыныс түсті. «Бәйтерек» сапында тамаша маусым өткіздім, осы себептен болар «Астанадан» ұсыныс келді. 
 
- Ағымдағы маусымда Ел біріншілігінде үш кездесуге қатыстыңыз. Соңғысы талдықорғандық «Жетісуге» қарсы ойын болатын. Сол матч туралы ойыңыз айта өтсеңіз.
 
- Бапкерлерге маған сенім артқаны үшін айтар алғысым шексіз. Артылған үмітті ақтауға тырыстым. Ойын өте қызықты болды. Біз өте көп мүмкіндігімізді пайдалана алған жоқпыз. Сол себепті ойынның соңы өте қызу өтті. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымын!
 
- Бұған дейін Бірінші Лигада өнер көрсеттіңіз, қазіргі таңда дубль сапында ойнайсыз. Қайсында қиын болды?
 
- Әрине, Бірінші Лиганың деңгейі жоғары. Дубльде негізінен өзіңмен жасты футболшылармен ойнайсың, ал Бірінші Лигада тәжірибелі ойыншыларға қарсы өнер көрсетесің. 
 
 
- Ненад Эрич және Владимир Логиновский сияқты тәжірибелі қақпашылармен бәсекеге түсу қаншалықты қиын?
 
- Ненад пен Владимир Премьер-Лигадағы мықты қақпашылар. Олармен бір ұжымда ойнау үлкен бақыт. Екеуі маған әрдайым қол ұшын береді. Сол себепті айтар алғысым шексіз.
 
- Ойын уақытының аздығына байланысты, команда ауыстыру ойында болмады ма?
 
- Жоқ, ондай ойға келмептім. Жаттығуда бар күшіммен жұмыс істеп, бапкерлердің көзіне түсуге тырысудамын. Мүмкіндік болса тағы да негізгі құрамда шығамын деген үміттемін.
 
- Станимир Стойлов сияқты білікті бапкердің қол астында жұмыс істеу қалай екен?
 
- Мықты маман, әр сөзін ой елегінен өткізуге тырысамын. Айтқан ақылын тыңдаймын.
 
- Бүгін Чемпиондар Лигасы аясында «Мариборға» қарсы өткізесіздер. Ойын алдындағы көңіл-күй қалай?
 
- Алаңға тек жеңеміз деп шығамыз. Әдемі ойын өрнегін көрсетіп, керекті нәтижеге қол жеткізуіміз қажет.
 
 
- Сырт алаңда жеңілсеңіздер де жақсы ойын көрсеттіңіздер. Өз алаңымызда қандай ойын күтуге болады «Астанадан»?
 
- Команда тек қана жеңіске жету үшін ойнайды. Келесі кезеңге өтуге бар күшімізді саламыз. 
 
- Біздің келесі кезеңге өтуге мүмкіндігіміз қандай?
 
- Меніңше, біздің мүмкіндігіміз жоғары. Сырт алаңдағы ойында сәттілік жетіспеді, ал бүгінгі кездесуде барлығы басқаша болады деген ойдамын.
 
- «Мариборға» қарсы ойында жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтсеңіздер, клуб басшылығының тарапынан сыйақы тағайындалды ма?
 
- Кешіріңіз, бұл сұраққа жауап бере алаймын.
 
- Сұхбатыңызға рақмет.
 
Сұхбаттасқан Айбар РЫСДӘУЛЕТ