«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің) командасына қарсы өткізді.

Ресейдің Мытищи қаласында болған кездесуде командалар тартысты ойынымен ерекшеленді. Соған қарамастан бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде «Барыс» хоккейшісі Лиден Вей 32-минутта мергендігімен көзге түсті. Бұдан кейін қытайлық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен діттеген мақсатына жете алған жоқ.

Үшінші кезеңнің 56-минутында қытайлық командадан Джек Родевальд таразы басын теңестірді.

Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда Никита Михайлис жеңіс шайбасын соқты.

Осылайша, «Барыс» қарсыласынан овертаймда 2:1 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, екі команда да плей-офф сатысына шығудан шет қалды. Турнир кестесінде «Барыс» 20-орында келе жатса, «Куньлунь Ред Стар» 21-орында тұр.

Енді елордалық клубтың алда үш ойыны бар. Алдымен 20 ақпанда Ресейде «Авангард» (Омбы) командасымен кездессе, одан кейін 22 ақпанда «Сибирь» (Новосібір) командасымен шеберлік байқасады.

Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты кезеңіндегі соңғы ойынын елордада 24 ақпанда Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізеді.