2023 жылдың 15 ақпан күні Алматы қаласында, дәстүр бойынша үздік боксшыларды марапаттау рәсімі мен баспасөз-мәслихаты өтті.

Бұл жолы өткен жылдың соңында Испанияның Аликанте қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қошемет көрсетілді. Олар Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышевтың жеке қаражатынан ақшалай сертификаттар алды. Жүлдегерлердің жеке бапкерлері де назардан тыс қалмады. Марапаттаудың жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңгені құрады.

Салтанатты шараға Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев бастап, ҚБФ атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков, Алматы қаласы бокс федерациясының басшысы Ержан Қосмамбетов және ҚБФ президентінің кеңесшісі Бағлан Шалаев қатысты.

Кеңес Рақышев өзінің құттықтау сөзінде: «Испанияда еліміздің жастар құрамасы жақсы нәтиже көрсетті. Медальдардың саны мен сапасы бойынша біз үшінші орын алдық. Арада көп уақыт өтсе де, біз жас боксшыларымызды ұмытқан жоқпыз. Біз жастарға сенім артамыз. Болашақта олар ұлттық құрама боксшыларының орнын басады. Әсіресе әйелдер боксындағы нәтижелер ерекше қуантады. Бокс - біздің ұлттық спортымызға айналды. Қазір әуесқой бокста жүріп, атыңды шығаруға болады. Жақсы қаражат таба аласың. Қазақстанның кәсіпқой боксшылары мұндай табысқа кенелмейді десем, қателеспеймін. Барлық боксшыларға, бапкерлер құрамына және біздің жеңістеріміздің жаршысы - БАҚ өкілдеріне алғыс айтамын», - деді.

Федерация президенті әлем чемпиондары Элина Базарова (54 кг) мен Бақыт Сейдішке (66 кг) 3 миллион теңгенің сертификаттарын берді.

Күміс жүлдегерлер Нұрбек Мурсал (67 кг) мен Дәулет Тулемисов (75 кг) 1,5 млн. теңгеден алды.

Қола жүлдегерлер Гүлназ Бурибаева (48 кг), Әсем Танатар (63 кг) және Әсел Тоқтасын (+81 кг) 1 миллионға ие болды.

Жеңімпаздардың жеке бапкерлері Нұрбота Сейітбек пен Бағлан Омарбековке 500 мың теңгеден берілді. Мұндай марапаттар жастар құрамасының басқа да бапкерлерін ынталандыра түседі деп ойлайды ҚБФ өкілдері.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы Ұлыбританиямен бірге үшінші орынды бөлісті. Екінші орында Үндістан болса, Өзбекстан әлем чемпионатының үздік құрамасы атанды.