Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасы Болгария астанасы Софияда өткен Еуропа кубогында екі медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Prosports.kz федерацияның ресми сайтына сілтеме жасап.

Ғұмар Қырғызбаев финалға шығып, күміс жүлдегер атанса, Руслан Мұсаев қоланы қоржынға салды.

Ғұмар Қырғызбаев 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол финалға дейін ол Болгария, Германия, Ұлыбритания және Италия спортшыларынан басым түсті.

Ал финалда украиналық Микита Холобородкомен тартысты күрес 9 минутқа дейін жалғасты. Негізгі уақытта тең түскен спортшылар голден скорда (қосымша уақыт) жеңімпазды анықтады. Нәтижесінде, отандасымыз қарсыласына есе жіберіп, күмісті еншіледі.

81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Руслан Мұсаев қола жүлде үшін күресте молдавалық Никон Заборощукті жеңді. Айта кетерлігі, Руслан Мусаев өз тобында үздік атанып, жартылай финалға дейін жеткен болатын.

Ерлер арасындағы Еуропа кубогы 11-12 ақпан күндері Болгарияның София қаласында өтті. Аталған байрақты бәсекеге барлығы 43 елден 400-ге жуық татами шебері жүлделерді сарапқа салды.