«Қайсар» - «Тобыл» ойыны аяқталған соң алаң иелерінің бас бапкері Дмитрий Огай баспасөз мәслихатын өткізіп, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.

- Дмитрий Алексеевич, ойын жайлы өз ойыңызды білсек?

- Матч біз үшін қиын басталды. Алғашқы минуттарда-ақ қақпамызға гол жіберік алдық. Иә, жігіттер жеңіс үшін барын салды. Матч бойы белсенді болған Жасұлан Молдақараевты ерекше атап өткім келеді. Гол соққысы келіп еді, пенальтиді сәтсіз орындады.

- Юрай Пирошка мен Алексей Мулдаров команданы тастап қашып кетті, Эдин Юнузовичтің де кеткісі келді. Жалпы, командадағы бүгінгі микроклимат қандай?

- Өмірді біраз көрген менің өзім үшін Пирошка мен Мулдаровтың қылығы – адам түсіндіргісіз. Өзім де таңғаламын. Олардың қылықтарын түсіндіріп те бере алмаймын. Иә, сәтсіз ойындардың кесірінен командадағы микроклимат мәз емес. Бірақ жеңіске жетер болсақ, барлығы оңалады деп ойлаймын.

- Енді команданы не күтіп тұр?

- «Тобылға» қарсы ойында жігіттердің барлығы да жандарын сала ойнады. Ешкім де қарап қалған жоқ. Дегенмен, барлығына уақыт керек. Мәселен, талай жыл чемпиондыққа таласып жүрген «Тобылдың» өзі бес-алты жылдай болды «алтылыққа» кіре алмай жүр. Ал біз ше? Екі жыл бұрын Бірінші лигада болдық. Былтыр сәттілік жолдас болып, Премьер-лигада үздік бестікке кірдік. Ал биыл қайта қара жолаққа тап болдық. Алайда, мұның барлығы уақытша нәрсе. Шыдамдылық керек. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін уақыт қажет. Командаға да, соның ішінде Елжас Алтынбеков, Думан Нәрзілдаев сынды жергілікті жігіттерге де. Маған да қазір оңай емес. Мен де команданың жақсы болғанын қалаймын.

«Қайсар» ФК ресми сайтынан