«Қайсар» - «Тобыл» ойыны аяқталған соң қостанайлықтардың бас бапкері Сергей Масленов баспасөз мәслихатын өткізіп, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.

- Жалпы, жігіттер барлық тапсырманы орындауға тырысып жатты. Бірінші таймда жақсырақ ойнаған сияқтымыз. Есепті еселейтін де мүмкіндіктер болған. Иә, алаң иелері де жақсы ойнады. Пенальти соғуы мүмкін еді, сәтсіз орындады. Дегенмен, өмірде жарқын сәттер де, қиын кезеңдер де алма-кезек болып тұрады. Бізге де ойынның соңғы минуттарында талай гол соғып кеткен. Бізге де сәттіліктің жақтасатын уақыты келген шығар. Қақпашымыз Саша Петуховқа ерекше алғыс. Қатарынан екінші ойында пенальти қайтарды.

- «Қайсар» жайлы не айтасыз? 

- Сіздердің де аса қатты мұңаймауларыңызды тілеймін! Бәрі алма-кезек. Әлі-ақ алдарыңызда жарқын сәттер болады. Дмитрий Алексеевич мықты жаттықтырушы. Тек командаға сену қажет.

- Сергей Иванович, неліктен Игорь Бугаев сынды шебер ойыншы алаңға тек екінші таймның ортасында ғана шықты?

- Командада 25 ойыншы бар, бірақ алаңға 11 ғана футболшы шығатындықтан кейбіріне қосалқы құрамда қалуға, кейбіріне тіпті, матчтан тыс қалуға тура келеді. Дегенмен, бәріне мүмкіндік беруге тырысамыз.

«Қайсар» ФК ресми сайтынан