Қазақстандық кәсіпқой боксшы Виктор Коточигов Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында поп-боксқа деген қызығушылығы туралы айтып, рингке оралатын күнін жариялады.

- Виктор, қалыңыз қалай? Қазір немен айналысып жатсыз?

- Рақмет, бәрі жақсы. Мен өзімді бабымда ұстап жүрмін. Күнде жаттығамын.

– Рингке қашан оралуды жоспарлап отырсыз?

– Былтыр желтоқсанда жұдырықтастым. Енді 26 ақпанда Ташкентте өнер көрсетуді жоспарлап отырмын.

– Қазір промоутерлік компаниямен жұмыс істеп жатсыз ба?

– Әзірге ешкіммен жұмыс істеп жатқан жоқпын. Бірақ бірнеше ұсыныс бар. Қазір мен барлық нұсқаны қарастырып жатырмын.

- Гэри Келлиден немесе Макс Хьюзден реванш алу жоспары бар ма? Сол жекпе-жектерден кейін күшейе түстім деп ойлайсыз ба?

– Әрине, мұндай мүмкіндік болса, реванш алғым келеді. Хьюз - толыққанды әлем чемпионы, ал Келли - Matchroom Boxing проспекті. Бұл кездесулерді ұйымдастыру оңай болмайды деп ойлаймын.

- Сіз әлемнің көптеген елінде жұдырықтастыңыз, бірақ АҚШ-та емес. Кәсіпқой карьераңызды штаттарда жалғастыруды ойладыңыз ба?

- Штаттарда нұсқалар бар. Әзірге күтіп жүрмін.

- Қазақстанда көптеген боксшы рингке шықпай жүр. Бұл немен байланысты деп ойлайсыз?

– Иә, көбі жекпе-жек өткізбей жүр. Бірақ әркімнің өз себебі бар деп ойлаймын. Біреуде менеджер мен промоутер жоқ, біреуде ұсыныс жоқ.

– Қазір кәсіпқой боксшыларға әуесқойларда жұдырықтасуға рұқсат берілді. Ел біріншілігіне қатысып, ұлттық құрамаға ену жоспарда бар ма?

– Ұлттық құрамада, әуесқойлар арасында өнер көрсетуге ерекше қызығушылық жоқ. Маған кәсіпқой бокс ұнайды.

– Поп-ММА мен поп-боксқа көзқарасыңыз қандай? Егер жақсы ұсыныс болса, осы нұсқаны қарастырар ма едіңіз?

– Поп-ММА мен поп-боксқа деген көзқарас жақсы. Қазір бұл формат танымал болып жатыр. Трешток пен хайптың арқасында адамдарда үлкен қызығушылық туады. Егер қызық ұсыныс болса, онда, әрине, мен мұндай нұсқаны қарастырар едім. Мені поп-бокста көріп қалуларыңыз мүмкін.