Мадридтік «Реалдың» бас бапкері Карло Анчелотти Бразилия құрамасының тізгінін ұстауы мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі «СЭ» сайтына сілтеме жасап.

Globo Esporte мәліметінше, Бразилия футбол конфедерациясы (CBF) делдалдар арқылы Анчелотти клубтық маусым аяқталғаннан кейін ұлттық құраманы басқару мүмкіндігіне ашық екенін білді.

Дереккөздің хабарлауынша, CBF президенті Эдналдо Родригес ақпан айында Флорентино Переспен кездесіп, 63 жастағы маманның кету ықтималдығын талқылап, осы мәселе бойынша ресми ұсыныс жасамақ. Егер Анчелоттиді тағайындай алмаса, ұйым «Рома» бапкері Жозе Моуринью немесе «Фенербахче» бапкері Хорхе Жезусты шақырады.

Бразилия құрамасы Тите кеткеннен кейін бапкерсіз қалды. 61 жастағы маман 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатының ширек финалында Хорватиядан пенальтилер сериясында 1:1, 2:4 есебімен жеңілген соң, қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол команданы 2016 жылдан бері басқарып келген.