Ла Серена қаласында Дэвис кубогі аясында Чили – Қазақстан іріктеу матчы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш бәсекеде Тимофей Скатов пен Кристиан Гарри бірінші болып кортқа шықты.

Бұл Т.Скатовтың Қазақстан құрамасы сапындағы алғашқы ойыны болатын.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші 3:0 есебімен алға кетті. Чилилік спортшы қайыра брейк жасағанымен, Тимофейді тоқтата алмады. Есеп – 6:1, Скатовтың пайдасында.

Екінші сетті де қазақстандық спортшы тамаша бастады – 4:0. Бұдан кейін К.Гарри есепті қысқартқанымен, Т.Скатов қайтадан 5:2-ге жеткізді. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Бір сағат 38 минутқа созылған ойында Т.Скатов 10 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.