УЕФА Еуропа лигасының екінші електік кезеңінде еліміздің намысын қорғап жатқан жалғыз клуб алматылық «Қайрат» өз алаңында армениялық «Алашкерт» командасын қабылдады, деп хабарлайды «PROСПОРТ».

Ә дегеннен алматылық ұжым допқа иелік етіп, қонақтардың қорғанысын бұзып өтуге тырысты. «Алашкертке» бүкіл ойыншысымен қорғануға тура келді. Кезекті бұрыштамадоптан кейін қонақтар өз айып алаңдарында Бруно Соареске қарсы ойын тәртібін бұзып, ресейлік төреші он бір метрлік айып добын белгіледі. Бұл матчтың 13-минуты болатын. Нүктеге келген Бауыржан Исламхан қақпаның оң бұрышын көздеген, Геворг Касаров доптың ұшу бағытын дәл тапқанымен, командасын құтқара алмады – 1:0.

Бұл голдан кейін де «Қайрат» қарқынды ұмтылыстарын жалғастыра берді. Абраам Хасманян шәкірттері сәт сайын шабуыл жасауға тырысқанымен, «Қайрат» қорғанысы мығым ойнап, Владимир Плотников ұзақ уақыт бойы ойынға араласқан жоқ. Командалар үзіліске кетер тұста Владимир Вайсс шәкірттері тамаша қарымта шабуыл жасады. Орталық алаңда допқа ие болған Исламхан сол қанаттан қосылған Жарко Марковичке пас асырды. Соңғысы айып алаңына ене бергенде допты қараусыз қалған Жерар Гоуға қалдырды. Өкінішке қарай, алматылық ұжымның шабуылшысы ұрымтал тұста допты ырқына көндіре алмады. Артынша Исаэлдің оң қанаттан әуелеткен добын Исламбек Қуат басымен Каспаров иелігіне бағыттаған, армениялық голкипер орнынан табылды.

Екінші тайм да алаң иелерінің үздіксіз шабуылдарымен басталды. 51-минутта Исаэл мен Исламхан екеулеп жүріп тамаша комбинация ұйымдастыра алған. Бірнеше қорғаушыны артта қалдырған Исаэл сол қанаттағы Исламханға пас асырды. Бауыржан айып алаңына еніп, допты Исаэлге қайтарып берген,  «Қа                йраттың» 10-нөмірі қақпадан биік тепті. Алматылық футболшылар қарсыласының қорғанысынан оңай өтіп, құдды жаттығуда жүргендей әсер қалдырды. Нәтижесінде армениялықтар үзілістен кейін де ұзақ шыдай алмады. 55-минутта Жерар Гоу екі қорғаушының кедергі келтіргеніне қарамастан, өзінде бар мүмкіндікті жіберген жоқ – 2:0. Артынша Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергені екі рет Каспаров иелігін нысаналап көрді: алғашқысында доп қақпадан биік кетсе, кейін «Алашкерт» голкипері орнынан табылды.

Тоқтаусыз жасалып жатқан шабуылдарды көріп, үшінші голдың ауылы алыс емес екенін аңғаруға болатын еді. 69-минутта алматылықтардың әдемі комбинациясы нәтижелі аяқталды. Сито Риераның екі қорғаушының арасынан берген пасы Джордже Деспотовичке дәл жетті. Әккі шабуылшы өзінің мүмкіндігін пайдаланып, есепті 3:0-ге жеткізді. Есеп айырмасын қысқартуға ұмтылған қонақтар бірден шабуылға көшті – «Алашкерттің» үш бірдей ойыншысы қараусыз қалып, Плотниковпен жеке дара шығып кеткен. Алматылық голкипердің тамаша екі сейві ғана тоблодағы есепті өзгерткен жоқ. Бас қазы Сергей Ивановтың соңғы ысқырығы естілгенше қос команда да есепті өзгертетін мүмкіндіктер болды. Бірақ «Қайрат» та, «Алашкерт» те тоблодағы көрсеткішті өзгерте алмады. Қорытынды есеп – 3:0.

Осылайша Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчы «Қайраттың» ірі жеңісімен аяқталды. Келесі аптада Ереванда өтетін ойынға алматылықтар тамаша көңіл-күймен бармақ.

«Қайрат» - «Алашкерт» 3:0 (1:0)

Голдар: 1:0 – Исламхан 13, 2:0 – Гоу 55, 3:0 – Деспотович 69

«Қайрат»: Плотников, Соарес, Маркович, Исламхан (Көкеев 90), Исаэл, Гоу (Гурман 87), Қуантаев, Риера, Лунин, Қуат (Деспотович 65), Тимощюк.

«Алашкерт»: Каспаров, Фофана, Аракелян, Манасян (Казарян 57), Веранян, Погосян, Барегамян (Карапетян 77), Усеня, Минасян, Григорян, Гезалян (Аражио дос Сантос 73).

Төрешілер: Сергей Иванов, Вячеслав Семенов, Валерий Данченко (бәрі де – Ресей)