Орта салмақта әлемнің бұрынғы чемпионы, британиялық Карл Фроч отандасы Крис Юбэнк-кіші мен қазақстандық Геннадий Головкин арасында өтуі мүмкін жекпе-жек туралы пікірін айтты.

«Егер Юбэнк-кіші Лиам Смитті жеңсе, титулдық жекпе-жекті сұрай алады. Бірақ оның жеңетініне сенімді емеспін. Кез келген нәтиже болуы мүмкін.

Геннадий Головкиннің жасы қырықтан асты. Оның қандай жағдайда екенін жақсы түсінемін. Жылдамдығыңнан айырылып, баяу бола түсесің. Мықты кездерің, рефлекстер өткеннің еншісінде. Сол себепті Юбэнк жеңіске жете алады деп ойлаймын», - деп келтіреді Фрочтың сөзін Sky Sports.