УЕФА Чемпиондар лигасының жаңа маусымында еліміздің намысын «Астана» қорғамақ. Топтық кезеңге шығу жолында елордалықтардың алғашқы қарсыласы словениялық «Марибор» болады. Былтыр «Челсимен» ұпай бөліскен «күлгін түстілер» «Астанаға» қарсы фаворит атанып отыр. Осы тұста «PROСПОРТ» тілшісі астаналықтардың болашақ қарсыластары туралы толық таныстырмақ.

«Бір клуб – бір құрмет»

Ең алдымен, клубтың тарихын тілге тиек етсек. «Марибор» клубы - 1960 жылдың 12 желтоқсанында құрылған. Ең алғашқы матчын келесі жылы 5 ақпанда «Ковинар» клубына қарсы өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ол кезде көк-жасыл түсті жейдемен өнер көрсететін «Марибор» алғашқы уақытта Югославияның төменгі дивизиондарында бақ сынаған. Тек 1967 жылы ғана жоғары лигаға жолдама алады. Алайда Югославияның жоғары дивизионында «Марибор» ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткен жоқ. 

Югославия мемлекеті құлдырап, Словения тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана мариборлықтар алтыннан алқа тағып, титулдарға қол жеткізе бастады. 1992 жылы «Марибор» тарихында тұңғыш рет ел кубогына ие болды. Бұл «күлгін түстілердің» сол кездегі ең үлкен табысы болатын. 1996/97 жылғы маусым «Марибор» тарихында ұзақ сақталып қалмақ. Сол жылы мариборлықтар алғаш рет Словения чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ, тағы да ел кубогында жеңіске жетіп, «алтын дубль» жасады. Жалпы алғанда, Словения чемпионытанда олар 13 рет алтын жүлдеге ие болған. Сондай-ақ, сегіз рет ел кубогында топ жарды. Оған төрт Словения Суперкубогы мен бір Интертото кубогындағы жеңісін қосыңыз. Осылайша, «Марибор» Словения футболы тарихындағы ең беделді клуб атанды. Соңғы үш маусым қатарынан чемпион атанып келген Штирия мақтаныштарының ұраны: «Бір клуб – бір құрмет».

Еуросаяхат жолында

Ішкі біріншілікте сәтті өнер көрсетуінің арқасында «Марибор» еурокубок ойындарында жыл сайын өнер көрсетеді деуге болады. Алғаш рет команда 1992/93 жылы Кубок иегерлерінің кубогында бақ сынап, бірінші кезеңнен кері қайтты. Жыл сайын еурододаға қатысқанымен, тек 1999/2000 жылы ғана үлкен жетістікке жетті. Екінші және үшінші іріктеу кезеңдерінен өткен «Марибор» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Киевтік «Динамо», леверкузендік «Байер 04» және римдік «Лациомен» бірге А тобына түскен словениялық ұжым 4 ұпаймен соңғы орынды еншіледі. Осы жетістіктен кейін «Марибор» ұзақ уақыт бойы еурокубоктың топтық кезеңдеріне жолдама ала алмады. 

Тек былтырғы, 2014/2015 жылғы маусымда ғана сол табысты қайталай алды. Іріктеу кезеңдерінде босниялық «Зриньский», израильдік «Маккаби» және шотландиялық «Селтикті» артта қалдырған олар G тобына түсті. Бұл топта словениялықтардан бөлек «Спортинг», «Шальке», «Челси» клубтары бар еді. Бір қызығы, «Марибор» бұл үш клубтан да ұпай тартып алды. Өз алаңында азулы «Челсимен» 1:1 есебімен тең түскен мариборлықтар, ақыр аяғында, 3 ұпай жинап, топта тағы да соңғы орын алды. 

Міне, «Марибор» биыл да былтырғы жетістігін қайталамақ ойда. Ол үшін Анте Шимунджа шәкірттеріне «Астананы» тізе бүктіру қажет. Ал біз өз кезегімізде, Қазақстан чемпиондары словениялық азулы клубтың еуросаяхатын ерте бітіреді деп сенеміз.