Футболдан ел чемпионатының 20-турында алматылық «Қайрат» өз алаңында қызылордалық «Қайсармен» кездесіп, кезекті үш ұпайына қол жеткізді, деп хабарлайды «PROСПОРТ».

Еуропа лигасында сынға түсіп жатқан алматылық ұжым бұл ойында да жасыл алаңға екінші құрамын жіберді. Олардың қатарында клубтың жаңа ойыншылары Джордже Деспотович пен атақты Анатолий Тимощук та бар. Бір қызығы, клубты капитан ретінде Тимощуктің өзі бастап шықты.

Матчтың алғашқы минуттары алаң ортасындағы тартыспен өтті. «Қайратқа» негізші шабуылдаушы күші Бауыржан Исламхан мен Жерар Гоу жетіспей тұрғандай көрінді. Екінші құрамның алаңға шыққанын пайдаланып, «Қайсар» ойыншылары допқа, мейілінше, жиі иелік етуге тырысты. Алғашқы қауіпті соққы қызылордалықтардың қақпасына бағытталды. Сол қанат арқылы басталған әдемі комбинация Исаэлдің қақпаға соққы жасауымен аяқталған – биік. 17-минутта алматылық ұжымның шабуылшысы Деспотович дембюттік ойынында-ақ көзге түсті. Ермек Қуантаевтың сол қанаттан асырған пасын Деспотович баспен түйіндеді – 1:0. Есепте алға шығып алған Владимир Вайсс шәкірттері алдыңғы шепте батыл ойнай бастады, ал «Қайсардың» қарымта шабуылдарынан нәтиже шыққан жоқ.

Екінші тайм «Қайраттың» қарқынды шабуылдарымен басталды. Оның бірінші Деспотович екінші рет гол соққан еді, бірақ алаң жиегіндегі төреші жалаушасын көтеріп, гол есепке алынбады. Артынша Аслан Дарабаев он бес метрден жойқын соққысы жасады – Кирилл Прядкин орнында. 58-минутта Йосип Кнежевич алматылықтардың қақпашысы Сергей Ткачуктың қырағылығын бір тексеріп алды. Артынша Владимир Вайсс алаңға тағы бір жаңа ойыншы Ұлан Қонысбаевты шығарды. «Халық командасы» сәт сайын қарсылас қақпасын торуылдап, есепті еселеуге ұмтылды. Дмитрий Огай шәкірттері болса, қорғаныста сақ ойнап, қарымта шабуылдардан бақ іздеді. Матч аяқталар тұста Жамбыл Көкеев командасының екінші голын салып, ойынға нүкте қоюға мүмкіндік алған. Айып алаңында қараумыз қалған Жамбыл Прядкин қақпасының алыс бұрышын көздеді. Алматылықтардың өкінішіне қарай, доп сәл қиыс кетті. Соңғы ысқырық естілгенше қос клуб та тоблодағы көрсеткішті өзгерте алмады. Қорытынды есеп – 1:0.

Осы матчтан кейін алматылық «Қайрат» 40 ұпаймен екінші орнын нығайта түсті. Олар көш басындағы «Ақтөбеден» бір ғана ұпайға қалып келеді. Бірнеше тур бойы жеңе алмай келе жатқан «Қайсар» 17 ұпаймен 10-орынла қанағат етіп тұр.

 «Қайрат» - «Қайсар» 1:0 (1:0)

Голдар: 1:0 – Деспотович 17

«Қайрат»: Ткачук, Рудосельский, Маркович, Көкеев, Исаэл, Қуантаев, Дарабаев (Исламхан 79), Лунин, Сержиньо (Қонысбаев 59), Деспотович (Гоу 86), Тимощук.

«Қайсар»: Прядкин, Кляйн, Митошевич, Нұрдәулетов, Балтаев, Розыбакиев, Вороговский, Шестаков, Молдақараев (Ирисметов 71), Кнежевич (Алтынбеков 82), Хунт.

Төрешілер: Бағдат Абдуллаев (Қаратау), Александр Полуэктов (Тараз), Денис Виноградов (Петропавловск)