Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Джервонта Дэвис (27-0, 25 КО) титулдық жекпе-жекке санаулы күн қалғанда қамауға алынды. Сарапшылар кездесудің өтпей қалуы мүмкін екенін айтады.

WBA нұсқасы бойынша чемпиондық белбеудің иегері, 28 жастағы боксшы Парклэнд қаласында ұсталған.

"Бровард округы шерифінің құжаттарына сәйкес боксшы Джервонта Дэвис тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ұсталып, түрмеге қамалған. Дэвис сәрсенбіде таңғы 08:00-де сот тыңдалымына келеді", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 7 қаңтарда Джервонта Девис Вашингтон қаласында доминикандық Гектор Луис Гарсиямен (16-0, 10 КО) жұдырықтасып, белбеуін қорғауы керек еді. Егер америкалық боксшы жеңсе, сәуірде өзге америкалық боксшы, 24 жастағы Райан Гарсиямен (23-0, 19 КО) жұдырық түйістіреді деп күтілген.