Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы комадан шыққаннан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы былғары қолғап шебері Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Соңғы жекпе-жекте ел үмітін ақтай алмадым. Кәсіпқой рингте алғаш рет жеңілістің ащы дәмін сезіндім. Спортта да өмір сияқты, жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні айдан анық. Бұл жекпе-жекті өте ұзақ күттім. Жекпе-жек сәл ертерек болуы керек еді, біз оған дайын болдық. Бірақ белгілі бір себептермен қарсыластың командасы жекпе-жекті біраз уақыт созып жүрді. 10-12 ай формада жүру оңай емес. Оның үстіне жекпе-жекке ұзақ шықпаған соң, салмақты да қадағалап жүру оңайға соқпайды. Жекпе-жекке салмаққа түсер алдында тура 56 сағат нәр татпай, 3 жаттығу жасадым. Сөйтіп барып қана салмақтан өттім.

«Неге салмаққа дұрыс қарамадың?» - дерсіздер, бірақ мен салмақты дұрыс түсірдім. Өйткені диетологым бергенді ғана жеп, бермегенінен тыйылдым. Дегенмен, болар іс болды. «Былай істегенде былай болар еді, бүйткенде солай болар еді» -деген ойға берілуден аулақпын. Тағдырымда солай жазылған екен. Бұның да бір қайыры бары айдан анық. Бірақ мен қазақтың қайсар мінезін, шаршы алаңда көрсете білдім деп ойлаймын», - деді Айдос Ербосынұлы.

Еске салсақ, Айдос Ербосынұлы АҚШ-тың Миннеаполис қаласында өткен жекпе-жекте кубалық Давид Моррелюден нокаутпен жеңілген еді. Жекпе-жектен кейін боксшының ауруханаға түскені хабарланды. Дәрігерлер боксшыны жасанды комаға түсіріп, ота жасады. Кейін Айдос Ербосынұлының комадан шығып, денсаулығының жақсарғаны белгілі болды.